АРАЛДА КАРАТЭ-ДОДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Арал өңірінің тумасы ҚР спорт шебері, III дан қара белбеу иегері Жандарбек Тілеубаевты еске алуға арналған годзю-рю каратэ-додан республикалық турнир өткізілді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Турнирдің ашылу салтанатына Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, Жандарбек Жақсылықұлының өмір жолы мен атқарған игі істеріне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, туыстары және достары Жандарбек Тілеубаевты бір сәт еске алып, турнирді ұйымдастыруға атсалысқан жандарға ризашылықтарын білдірді.
Сайыс барысында аталмыш спорт түрі бойынша тыныс алу және тамешивари (кірпіш, ағаш секілді қатты заттарды сындыру) жаттығулары көрсетілді.
Әртүрлі салмақ дәрежесі бойынша ер және қыз балалар арасында өткен спорт додасында 10 команда құрамындағы 100-ге жуық жас спортшы шеберліктерін ортаға салды. Турнир каратэнің 4 бағдарламасы бойынша өткізілді.
Марапаттау рәсімінде ҚР Мейбукан годзю-рю каратэ-до федерациясының президенті Н.Керімбаев турнирдің жоғары деңгейде өткізілуіне үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.
Жеңімпаз және жүлдегер атанған жас спортшылар салтанатты түрде арнайы дипломмен, медальмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Теги: 

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика