ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ҮЗДІК СТАРТАП-КӘСІПКЕРЛЕР 1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ СЫЙАҚЫМЕН МАРАПАТТАЛАДЫ
Қызылорда облысында Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жарияланған 2018 жылдың қорытындысы бойынша 8 үздік стартап-кәсіпкерге 1 миллион теңге сыйақы беріледі.
Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарында мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлікті дамыту бойынша көшпелі жиындар өтті.
Жиын басында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаппай кәсіпкерліктің дамуы тұрақты жұмыс орындарының құрылуына, салық базасының көбеюіне және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту және қолдау, сондықтан жыл қорытындысы бойынша биыл кәсібін бастаған әр аудан мен облыс орталығында үздік стартап-кәсіпкерлерді, сондай-ақ, үздік аудан әкімі мен жауапты лауазымды тұлғаны 1 миллион теңге көлемінде сыйақымен марапаттау туралы шешім қабылдадық», - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі қойылған міндеттерін орындай алмаған лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын да ескертті.
Өз кезегінде, аудан әкімдері мен қаржы институттарының басшылары шағын және орта бизнесті дамыту барысы туралы баяндап берді. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев жергілікті мамандар Қырғызстан мен Өзбекстанның жылыжай бизнесін дамыту бойынша тәжірибесін, сондай-ақ, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен өзге де салалық ұйымдардың озық тәжірибелерін енгізіп жатқанын баяндады. Одан бөлек, ауылдық жастарды «Zhasproject» стартап-жобаларды қолдау бағдарламасына қатысып, өз ісін бастауға грант және жобаны жүзеге асыру кезінде қаржылық қолдау алуға тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңадан кәсібін бастаған бизнесмендер үшін тәжірибе алмасып, өз ісін ашудың алгоритмін үйрету мақсатында «Агроэкспресс» семинары ұйымдастырылды.
Шиелі ауданында ағымдағы жылдың 1 мамырына 4 658 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелді, оның ішінде белсенді субъектілерінің саны 3456. Өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,8 пайызға артты. Жыл басынан бері конкурстық комиссия тарапынан жалпы құны 15,3 млн. теңге 24 стартап-жоба мақұлданып, «Өңірлік инвестициялық орталығы» ұйымы арқылы жалпы құны 117,1 млн. теңге 31 жоба қаржыландырылды.
Жиын қорытындысымен облыс әкімі аудандарда шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмысты күшейтіп, қолданыстағы барлық қолдау тетіктерін тиімді пайдалануды тапсырды.
Сондай-ақ, Шиелі ауданының Тартоғай ауылында 90 орындық «Құлагер» балабақшасы ашылды. Бұрын балабақша ауылдық мектептің ескі ғимаратында орналасқан болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында 2018 жыл Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жарияланған болатын.
Қызылорда облысында 40 мыңға жуық нақты жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, бұл көрсеткіш  2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға артты.
Шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыспен қамтылғандардың саны 2018 ж. 1 қаңтарына 84250 адам, ал шығарылған өнім көлемі 2017 жылдың қорытындысымен 302,186 млрд. теңгені құрады. 2018 ж. қаңтар-сәуір айларында аймақта 2476 жеке кәсіпкер, 78 шаруа қожалығы және 240 ЖШС құрылды.
Сондай-ақ, өңірде «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 1600 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда қатысушылардың алғашқы легі оқуды бітіріп, бизнес-жобаларын облыстқ комиссия отырысында қорғады. 291 адам оқу курстарын бітіріп, 127-сі жобасын қорғап шықты. Тағы да 800 жуық кәсіпкер «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында оқытылатын болады, бүгінгі күні облыс бойынша 1171 адам оқу бітірді.

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика